«Майқайыңалтын» АҚ аумағында жер астына түсіп кеткен автобустың жатқан жері шамамен анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мамандар геологиялық радармен сканерлеу барысында техниканың 5 метр тереңдікте жатуы мүмкін екенін айтады.
Мамандар арнайы сканермен ойық түбіне түсіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Геологиялық сканердің деректері ойық түбіндегі топырақта 5 метр тереңдікте металл тәріздес заттың жатқанын анықтады. Автобус сол жерде болуы мүмкін. Ойық шетіндегі топырақтар әлі сусылдап, төмен сырғып жатыр, - деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 4 қаңтар күні «Майқайыңалтын» кен орнында үлкен ойық маңындағы топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын.
Кейін оқиға орнынан екі адамның денесі табылды.