Биыл елімізде 200-ден астам жаңа мектеп ашылса, олардың бесеуі Павлодар облысына тиесілі, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Өңірде Президент тапсырмасы аясында салада оң өзгеріс көп.
Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманованың айтуынша, облыста Президент тапсырмасы бойынша барлық мектепте оқушыларды кәсіби бағдарлау экожүйесі енгізілді.
Кешенді жоспар «Жаңа мамандықтар атласы» бойынша мектеп түлектерінің еңбек нарығында өз орнын заманға сай табуына мүмкіндік береді.
Жаңа оқу жылында мектептерде кәсіби-бағыттаушы педагог штаты енгізіледі. Маман өзекті мамандықтар орталығы, оқу орындарымен байланысты күшейтетін болады. Бірінші қыркүйекте 338 психолог-педагог жұмысқа кіріседі, - дейді Айзада Құрманова.
Елімізде білім беру саласын дамыту бойынша жүйелі шаралар қолға алынғаны белгілі. Өңірде 6700 оқушыға шақталған бес мектеп ашу жоспарланған. Жаңа оқу ордалары Павлодар қаласы және Теміржолшылар кентінде бой көтереді. Тағы үш мектеп 2023 жылға қарай ашылмақ.
Облыста соңғы үш жылда білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі үш есе көбейген. Мәселен, мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға үш жыл бұрын 3,4 млрд теңге бөлінсе, биылғы көрсеткіш – 10,2 млрд теңге.
Қаржылық жағдайдың жақсаруы оқушы орнының тапшылығын жоюға сеп болды. Бүгінде орын тапшылығы 11 мыңнан жеті мыңға азайған. Сонымен қатар мектептердің барлығы бейнебақылау камералары, сапалы ауыз су мен санитарлық желілермен қамтылды. 124 мектеп модернизациялаудан өтті. Ал кәсіби және техникалық оқу орындарын тәмамдаған балалардың 96%-ы жұмыспен қамтылды, - деді ол.
Еске сала кетсек, бірінші қыркүйекте 114 мыңнан астам оқушы мектеппен қауышады. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда екі мың ұл-қызға артық. Сонымен қатар 11 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.