Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Еліміз бойынша қатерлі ісік бойынша көш басында тұрған Ертіс өңірінде алып онкологиялық диспансер бой көтеруде. Қазіргі таңда негізгі жеті корпустың құрылыс аяқталды. Ал жуық арада дертті емдеуде аса қажет сәулелі үдеткіш құралы әкелінбек.
Қазіргі уақытта жеті бөлімшеде инженерлік желілерді тарту және ішкі жұмыстардың қарқыны қызу. Енді перациялық, радиологиялық блоктар, емхана және үш күндізгі стационар бой көтерді. Қатерлі ісікпен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында медициналық ұйымның құрылысына 7 млрд теңге. Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі республикалық кешенді бағдарлама аясында сәулелі үдеткіш сатып алынбақ. Оған республикалық бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Құрал радиология бөліміне орнатылады.
Облыстық онкологиялық диспансер мамандарының мәліметінше, бүгінде диспансердің есебінде 11 мыңнан астам сырқат тұр. Олардың қатары жыл сайын 2,5 мың адамға артуда.
Айта кетейік, соңғы бес жылда онкологиялық аурудан болатын өлім-жітім 16%-ке төмендеді, ал дертті анықтау деңгейі 7%-ке өсті
«Жалпы, Павлодар облысында обырға шалдыққандардың дені – зейнет жасындағы азаматтар. Аурудан келетін өлім-жітімді азайту мақсатында заманауи құралдар қажет. Сәулелі үдеткіш қатерлі ісікті тез әрі сапалы емдеуге мүмкіндік береді. Құрылғы онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді бағдарлама шеңберінде сатып алынады. Оған республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Айта кетейін, қазіргі уақытта салынып жатқан диспансер жобасы төрт жыл бұрын мақұлданған. Осы уақыт аралығында медициналық құрал-жабдықтардың бағасы шарықтап кетті. Бұл жайт ескеріледі», - дейді облыстық онкологиялық диспансер директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Тельман Әлғожин.
Медициналық нысан үстіміздегі жылдың қараша айында қолданысқа беріледі.
Ақмаржан Әділбек
Фото: автор