Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір басшысы жергілікті мемлекеттік органдардың жауапты басшылары алдында басты міндеттерді атап өтті. Олардың қатарында: жеке инвестицияларды тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелерді шешу бар.
Өңірде 10 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жалпы сомасы 2,3 трлн теңгеден астам 116 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Биыл импортты алмастыратын жаңа өнім түрлерін ашуға бағытталған 38 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Бүгін штаб 60 бастаманың іске асырылу барысын қарастырды, оның ішінде 40 жоба АӨК тиесілі, 20-сы - индустриялық-инновациялық даму саласында. Облыс әкімі олардың орындалу мерзімін қысқартуды және ауыл шаруашылығы бойынша жобаларды сұрыптауды тапсырды.
Әрбір басымдық берілген жоба бойынша инвесторлардың нақты міндеттерін шешу қажет. Барлық деңгейде олармен жұмыс бір жолға қойылу қажет және әрбір жоба толықтай сүйемелденуі тиіс, - деп талап етті облыс әкімі. Мемлекеттік органдардың басшыларын нәтижелер үшін жекелей жауапты болатынын ескертті.
Асайын Байханов Ақсудағы инвестициялық жобалар бойынша ағымдағы жағдайдан хабарсыз болғаны үшін қала әкімінің орынбасары Ренат Тлявкаевқа және АӨК саласындағы инвестициялық жобалардағы бақылаудың жоқтығы үшін ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Төлеген Көшербаевқа сөгіс жариялады.