Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен 300 мыңға жуық павлодарлық тексеруден өтті.
Облыстағы МӘМС қоры филиалы өкілдерінің мәліметінше, тоғыз айы ішінде ауруларды алдын алу мақсатындағы тексерулерге 150 млн. теңге жұмсалды. Айта кетейік, карантинге байланысты шектеу шаралары барысында профилактикалық тексерулер уақытша тоқтатылған болатын.
Профилактикалық тексерулер ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сәйкесінше, азаматтар ерте емделіп, дертінен айыға алады. Қазіргі уақытта тексерулер қайта жанданды. Тұрғындар тіркелген емханаларына барып, тексеруден өту мүмкіндігіне ие. Скрининг 18 жасқа дейінгі және 30-70 жас аралығындағы азаматтар арасында жүргізіледі, - дейді филиал директоры Нұрлан Қасымов.
Балалар арасында профилактикалық тексерулер кәмелеттік жасқа толғанға дейін жүргізіледі. Ал 30-70 жас аралығындағы әйелдер төрт жылда бір рет жатыр мойынының обыры бойынша скринингтен өтеді. Есептік кезеңде 34 мыңнан астам азаматша тексерілген. Ал 40 жастан асқан ер азаматтар мен әйелдер артериалды гипертония, жүрек аурулары, қант диабеті және глоукома аурулары бойынша тексеріледі. Бұл дерт түрлері бойынша 93 мыңнан астам тұрғын тексерілген.
Профилактикалық тексерулер әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен жүргізіледі. Сондықтан, скрининингтен өту үшін сақтандыру мәртебесі болуы шарт.