Павлодар облысында 1220 әлеуметтік нысан мен 2389 көпқабатты үйдің барлығы жылу жүйесіне толық қосылды. Әзірге жылумен қамтуда ешқандай мәселе жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтың айтуынша, жылыту маусымы басталғалы бері азаматтар тарапынан бірыңғай байланыс желісіне 361 өтініш түскен. Өткен жылдың осы кезеңінде 660 шағым қабылданған. Жауапты мамандар әр өтінішті пысықтап, тиісті шараларды қолға алған.
Жылу кезеңіне дайындық барысында энергия көздерін жөндеу шеңберінде негізгі жабдықтың 41 бірлігін жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта бекітілген кестеге сәйкес 30 жабдық қалыпқа келтірілді. Қалғанында жұмыстар жалғасын тауып жатыр. Ал жылумен жабдықтау желілерінде облыс бойынша 30 шақырымнан астам коммуналдық инфрақұрылымды жөндеу көзделген. Жоспар толық орындалды. Сонымен қатар, ел үкіметі резерві қорынан бөлінген қаражат есебінен үш қалада тоғыз шақырымдық жылу желісін салу бойынша төрт жоба жүзеге асырылды. Оған 12,6 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда нысандардың аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғи монопрлиялар субъектілері өз қаражаты есебінен 2,4 шақырымдық желіде күрделі жөндеу жұмыстарын орындады, - дейді Ержан Иманзаипов.
Айта кетейік, күзгі гидравликалық сынақ жұмыстары нәтижесінде анықталған ақаулардың барлығы жойылды. Осылайша, коммуналдыө желілердің тозу көрсеткіші 79%-ға төмендейді.
Әлеуметтік нысандар мен облыс халқын қатты отынмен қамту мақсатында 342 мың тонна көмір тасымалданды. Қазіргі уақытта қорда 46 тонна көмір бар, - дейді басқарма басшысы.