Павлодар облысында жол апатынан жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 16 қазан күні Баянауыл ауданының Бірлік ауылынан 10 шақырым жерде, "Қалқаман-Керней" автожолында, Lexus RX 330 маркалы автокөліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік жол жиегіне аударылып кеткен.
Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады. Полиция департаменті мұндай оқиғалардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларға жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін қатаң сақтауды, әсіресе қозғалыс қарқыны жоғары учаскелерде ауа райы жағдайын ескеруді және көлік құралының техникалық жай-күйін бақылап отыруды ескертеді, - деп хабарлады Павлодар облысының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Алматы маңындағы жантүршігерлік жол апатында екі адам қаза тапқан болатын.