Соңғы үш жылда Павлодар облысындағы ірі өндіріс орындары экологиялық жағдайды жақсарту жобаларына 82 млрд теңге бағыттады. Соның нәтижесінде өңірдегі ауаға тарайтын зиянды қалдық көлемі 8%-ке азайған, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Индустриялы аймақта мыңнан астам кәсіпорын бар. Ластанудың негізгі көзі – көмір жағып отырған энергетикалық нысандар. Осыған байланысты зауыттар мен станцияларда автоматты бақылау жүйесі енгізілуде. Қазір 15 энергетикалық нысанның 11-інде мұндай құрылғы орнатылған. Мәліметтер 20 минут сайын жаңартылып, Экология министрлігіне онлайн жолданады.
Экология департаменті жыл басынан бері 60-тан аса жоспардан тыс тексеру жүргізген. Талаптарды бұзған кәсіпорындарға 870 млн теңге айыппұл салынды және 69 ұйғарым берілді.
Сарапшылардың айтуынша, ауаның ластануына тек өнеркәсіп емес, автокөлік санының артуы да әсер етуде. Әсіресе жүк көліктерінен шығатын газдың үлесі жоғары. Осыған байланысты ай сайын «Таза ауа» акциясы өткізіліп, ауыр көліктердің шығарындылары тексеріледі.
Жалпы, облыс кәсіпорындары жылына 700 мың тоннаға жуық зиянды қалдық шығарады. Соған қарамастан, соңғы үш жылда ластану деңгейі 4,5%-ке төмендеген. Бұған озық технологиялар, мониторинг жүйелері және жаңа сүзгілерді орнату ықпал еткен.