Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде ауылшаруашылық жәрмеңкелер жанданды. Дәстүрлі сауда-саттық коронавирустық инфекциясы пандемиясы салдарынан жарты жыл бойы тоқтап тұрды.
Бүгінгі жәрмеңкеге өнімдерін саудалауға барлық аудандардың шаруалары қатысты. Сауда барысында санитарлық талаптар сақталды. Сатушылардың барлығы жеке қорғаныс құралдарымен қамтылды. Бетперде киген тұтынушыларға ғана қызмет көрсетілді.
Саудаға әкелінген тауарлардың барлығы сараптамадан өтті. Жәрмеңке орнында көшпелі ветеринарлық зертхана жұмыс істеді. Павлодарлықтарға ет, шұжық, сүт, жұмыртқа және өзге азық-түлік түрлері ұсынылды. Тіпті, бір келісі 100 теңгеге бағаланған қарбыз да сатылды. Жемістің нарықтағы бағасы 140 теңгеден асады.
Облыс ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Дәурен Көшербаевтың хабарлауынша, жәрмеңкеге сапалы өнімнің 190 тоннасы тасымалданыпты.
Бас-аяғы 20-дан астам өнім түрі сатылды. Мәселен, сиыр етінің келісі 1200-1500 теңге, қой етінің бір келісі - 1500 теңгеден сатылды. Ал картоп 65 теңге тұрады. Сапалы сүттің келісі 130 теңге тұрады. Бұл бағалар көктемде де сақталады. Қазан айында эпидемиологиялық жағдай тұрақты болса, жәрмеңкелерді қайта ашамыз, - дейді Дәурен Көшербаев.
Айта кетейік, облыста маусымаралық кезеңде халықта картоппен қамту мақсатында қор құрылады. Қорды жасақтауға ірі картоп өндірушілері атсалысуда. Былтырғы жылы өңірде осы өнімнің 512 мың тоннасы жиналды. Ал осы жылғы өнімділік 564 тоннаға жетті.