Павлодар облысында блок-бекеттер тек электрондық анықтама жүйесіне көшті

14 Қараша 2020, 10:05
1678
Бөлісу:
Павлодар облысында блок-бекеттер тек электрондық анықтама жүйесіне көшті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 14 қарашадан бастап блок-бекеттер қағаз анықтамаларды қабылдауды тоқтатып, Pvlinfo.kz порталынан полицейлердің планшеттеріне түсетін деректерге сүйенетін болады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

COVID-19-ға қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Өңір басшысының орынбасары Сәкен Шаяхметов 9 қарашада Павлодар облысында қойылған блок бекеттердің жұмысы туралы баяндады.

Бүгінгі таңда бекеттерден 100 мыңнан астам адам өтіп, екі мыңға жуық адамға кіруге және шығуға тыйым салынған. Облыс әкімінің орынбасары 14 қарашадан бастап блок-бекеттер Pvlinfo.kz порталында ресімделетін электрондық анықтамалар жүйесіне көшетінін тағы да еске салды. Полиция қызметкерлері мұндағы деректерді планшет арқылы алатын болады.

Қағаз анықтамаларды алып тастағаннан кейінгі алғашқы күндері барлық бекеттердің жұмысын мұқият бақылау қажет. Еш жерде, әсіресе қарбалас уақытта кептеліс болмауы тиіс. Жергілікті жерлердегі басшылар мұны міндетті түрде қадағалауы тиіс,- деп атап өтті облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Сәкен Шаяхметов мониторингтік топтардың қызметіне тоқтала келе, бүгінгі таңда олар 8 мыңнан астам рейд жүргізіп, 2,5 мың заңбұзушылықты анықтағанын айтты. Облыс әкімі топтардың жұмыс сапасын арттыру қажеттігін атап өтті.

Мониторингтік топтардың жұмысында соңғы уақытқа дейін жүйелілік болған жоқ. Жергілікті жерлердегі басшылар мониторингтік топтардың тиімді жұмысын бақылауды күшейтуі тиіс, өйткені бұл індет таралуының көрсеткіші, - деді Әбілқайыр Сқақов.

Мониторингтік топтардың жұмысын жедел штаб жанындағы арнайы орталық үйлестіретін болады.

Өзгелердің жаңалығы