Павлодар облысында бір жылда донорлар 10 мың рет қан тапсырады

17 Маусым 2021, 18:35
1129
Бөлісу:
Павлодар облысында бір жылда донорлар 10 мың рет қан тапсырады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің медицина мекемелерінде қан тапшылығы жоқ. Павлодарлық донорлар ауруханалардың қажеттілігін толық орындап келеді.

Павлодар қан орталығының директоры Советхан Смақовтың мәліметінше, аймақта жылына 3-4 рет қан тапсыратын адамның 200-ден астамы - тұрақты донорлар. Күн сайын қан орталығына қанның 350-ге жуық дозасы тапсырылады. Облыстағы медициналық мекемелерге 40-қа жуық қан дозасы қажет етіледі.

Былтырғы пандемия кезінде біраз қиындықтар болды. Мәселен, сирек кездесетін қан топтары бойынша, яғни, теріс резусты топтар бойынша қиындықтар туды. Бірақ, соншалықты тапшылық болмады. Бүгінде осы санаттағы қан тапсырушылардың үлесі небары - 4%. Сирек кездесетін қан иелерін ынталандыруға тырысамыз. Оларға еліміздің министрлігі тарапынан өтемақы бекітілген. Сонымен қатар, тромбоцит тапсыратын адамдарға да өтемақы қарастырылған. Жалпы, донорлар бір жылда бірнеше рет қан тапсыра алады. Ең бастысы - инфекциялық және созылмалы аурулардың болмауы. Қан тапсырушылардың басым бөлігі 35 жасқа дейінгі азаматтар болып табылады, - дейді қан орталығының директоры Советхан Смақов.

Десе де, салалық министрлік тарапынан марапатқа ие болып, құрметті донор атанған азаматтар жетерлік. Мәселен, павлодарлық Валерий Походеев 30 жыл бойы қан тапсырып келеді.

Павлодар облысында бір жылда донорлар 10 мың рет қан тапсырады

Тоқсаныншы жылдары қаржылық қиындық болып, бір рет қан тапсырып едім. Кейін бұл сұйықтықтың талай жанның өмірін сақтап қалатынын түсініп, донор болуға бекіндім. Бүгінгі күнге дейін ондаған литр қан бердім. Бұл «қызметім» үшін ақы алмаймын. Себебі, бұл жанымның қалауы. Осы әрекетім арқылы жұртшылыққа көмегімді көрсеткім келеді. Осы күнге дейін «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталдым. 18 литрден астам қан тапсырыппын. Менің ойымша, елімізде қан тапсырушы күні отандық мерекесін бікіту керек. Сонда бізге деген құрмет артары сөзсіз, - дейді Валерий Походеев.

Жергілікті донорлар донорлар үшін жеңілдіктер болса деген ұсыныс білдіруде. Мәселен, қоғамдық көліктерде тегін жолақы қабылданса, нұр үстіне нұр дейді.


 

 

 

 


Өзгелердің жаңалығы