Павлодар облысында азық-түлік бағасын қымбаттатып жіберген

5 Шілде 2024, 18:37
387
Бөлісу:
Павлодар облысында азық-түлік бағасын қымбаттатып жіберген
Фото: Артём Чурсинов - архив

Павлодар облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін саудалайтын кәсіпкерлер арасында сауда үстемесін бұзу деректері анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушевтың айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік азық-түлік тауарларын саудалаумен айналысатын дүкендер тексерілді. Бақылау шаралары өткен жылы өнімге қосылатын 15%-дық үстемеақы талабын бұзған нысандар арасында жүргізілді.

Өткен жылы сауда саласында бұл ережені бұзған 42 субъекті жауапкершілікке тартылды. Ал биыл көрсеткіш екі есе артып отыр. Көрсеткіштердің артуы бұл бағыттағы жұмыстардың күшеюі мен тұтынушылық мәдениеттің артуына байланысты. Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде 59 әкімшілік жаза туралы қаулы шығарылып, 55 ескерту жасалды. Сауда саласында олқылықтарды жою бойынша 65 ескерту жолданды. Кей жағдайда үстемеқыны 137%-ға арттыру деректері тіркелді. Мәселен, қарақұмық жармасының келісі 470 теңгеден сатылған. Ал күнбағыс майының литрі 855 теңгеден саудаланған. Қант, күріш, айран, тауық еті сияқты өнімдердің бағасын көтеру фактілері анықталды. Атқарылған жұмыс нәтижесінде баға тұрақталды, - дейді Дәулен Қабдушев.

Айта кетейік, облыс аумағында «Сапалы өнім» жобасы бойынша жұмыстар жалғасып келеді. Осы уақытқа дейін өнімнің 22 түріндегі заңбұзушылық деректері анықталды. Барлық кәсіпкерлік субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетейік, Ертіс өңірінде әлеуметтік азық-түліктің 19 түрін саудалайтын 100-ден астам дүкен жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы