Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы жылы Ертіс өңірінде халықты орталықтандырылған ауызсумен қамту бойынша тоғаз жоба аяқталып, 36 жаңа жоба жүзеге асырылады.
Бұл туралы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қоғамдық кеңес алдында есеп беру кезінде мәлімдеді.
Сұ құбыры желілерінің 571 шақырымы тартылды. Нәтижесінде 36 мың ауыл тұрғыны сапалы суға қол жеткізді. Биылғы жобалар жүзеге асырылған соң ауылдық елді мекендерді сумен қамту көрсеткіші 48,7%-ке жетеді. Сонымен қатар, халық саны 200-ден аз шағын ауылдарда жергілікті бюджет есебінен суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылады, - дейді облыс әкімі.
Айта кетейік, қазіргі таңда аймақтағы ауыл халқының 40,1%-ына сапалы тіршілік нәрі қолжетімді. Бұл - республикалық орташа көрсеткіштен 24,2%-ке төмен. Биылғы жылы өңірде "Ауыл - ел бесігі" жобасы да қарқын алмақ. Былтырғы жылы бағдарлама 26 мың халқы бар төрт ауылдық аймақты қамтыды. Нақтырақ айтқанда, тоғыз әлеуметтік нысан қалыпқа келтіріліп, автомобиль жолдарының 43 шақырымы жөнделді.
Осы жылы 18 ауылдағы 29 әлеуметтік мекемеде жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар, мәдениет үйі, спорттық-сауықтыру кешені мен стадион бой көтереді. Жалпы, бағдарлама бойынша 59 жоба жүзеге асырылып, 3,4 млрд.теңге бөлінеді.