Павлодар облысында алимент төлеуден жалтарып жүрген 100-ге жуық борышкер іздестірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облысының полиция департаменті тұрақты негізде алимент төлемейтіндердің орналасқан жерін анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізеді.
Жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарған 91 адам анықталды, борышкерлердің жеті автокөлігі айыппұл тұрағына қойылды. Мысалы, ажырасқаннан кейін кәмелетке толмаған қызын тәрбиелеуге қатысуды тоқтатқан және 3,5 миллион теңге қарыз болған 35 жастағы борышкердің орналасқан жері анықталды. Оны полицейлер Қарағанды облысының ауылдарының бірінен тапты, – дейді Павлодар облысы ПД көші-қон қызметінің бастығы Дәулет Ысқақов.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, алименттен жалтаратын тек қана әкелер емес, аналар да балаларының тағдырына қызығушылық танытпайды. Мәселен 42 жастағы әйел кәмелетке толмаған үш балаға 7 миллион теңгеден астам қарыз болып қалған. Қазіргі уақытта борышкер әйел анықталды, полиция онымен жұмыс жүргізіп жатыр.
Алимент төлеуден жалтарған азаматтардың балалар алдындағы жауапсыздығын түсіндіретін көптеген себептер бар екенін білу маңызды. Немқұрайлы ата-аналар балаларының қызығушылықтары мен өмір сүру деңгейі тек өздеріне байланысты екенін түсінуі қажет.
Балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-аналардың табиғи құқығы мен міндеті болып табылады, ал кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Алимент төлеуден жалтарған борышкерлерге қатысты алимент өндіріп алу туралы атқару құжатының талаптарын мәжбүрлеп орындауға бағытталған ең қатаң ықпал ету шаралары қабылданады. Заңнама нормаларын елемегені үшін Қазақстан Республикасы ҚК-ның 139-бабында қылмыстық жауаптылық көзделген.