Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында алимент төлеуден жалтарып жүргендермен күрес жұмыстары күшейтілді.
Сала мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта өңірде балаларының алдындағы алименттерін өтемей жүрген 500-ден астам ата-ана бар. Олардың берешегі 400 млн теңгеден асып кеткен.
Облыстық әділет департаментінің басшысы Маржан Имятованың мәліметінше, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 250-ден астам ажырасу тіркелген. Ал өткен жылы 1100-ден астам неке қиылған. Салдарынан алимент төлеушілер қатары өсе түсті.
Облыста алименттерін өтемей жүрген азаматтар жетерлік. Бұл - бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Алменттен жалтарғандармен заң жүзінде күресу аздық етіп отыр. Сондықтан біз дін өкілдері мен қоғамдық бірлестік ұйымдармен бірге жұмыс істемекпіз. Ата-аналардың бала алдындағы жауапкершілігі заң жүзінде ғана емес, дін бойынша да қарастырылған. Түрлі дін өкілдері мешіттер мен шіркеулерде халықты жауапкершілікке шақырса, отбасылық құндылықтар туралы уағыз айтса, көмегі тиеді деген сенімдемін. Өңірдегі дін қызметкерлері тарапынан қолдау бар, - дейді Маржан Имятова.
Облыстық дін істері басқармасының өкілдері бұл іске теологтарды да араластырмақ. Ұсыныс бойынша мамандар мектеп, университеттерді дәріс оқып, заң алдындағы жауапкершілік, отбасылық құндылықтар туралы әңгіме өрбітпек.
Алимент төлей алмағандарға көмектесудің бір жолы - оларға жұмыс табуға көмектесі. Әділет саласының мамандары жұмыспен қамту орталықтарымен бірге бос орындар жәрмеңкелерін өткізіп келеді. Шара ай сайын ұйымдастырылады.
Қазіргі уақытта Павлодар облысында алименттерді өндіру бойынша 14 мыңнан астам құжат бар. Олардың тоғыз мыңнан астамы міндеттерін орындап келеді.
Бала алдында қарыздар болғандардың қатарында ер азамттармен қатар, аналар да бар.