Павлодар облысында алдағы бес жылда 95 млн ағаш отырғызылады

17 Наурыз 2021, 10:13
1459
Бөлісу:
Павлодар облысында алдағы бес жылда 95 млн ағаш отырғызылады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Павлодар облысында ағаш көшеттері 25 есе көп егілетін болады. Осы жылы қоршаған ортаны қорғау және көгалдандыру бағытында қыруыр іс атқарылмақ.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асайын Байхановтың айтуынша, аймақта қоршаған ортаны қорғау бойынша жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда, өнеркәсіптік тастандылар көлемін азайту, көгалдандыру, қалдықтарды басқару, су ресурстарын реттеу және халық арасында экологиялық мәдениетті арттыру. 

Елді мекендерді көгалдандыруға деген тәсілдерімізді айтарлықтай өзгерттік. 2020 жылы Павлодарда шамамен 800 ағаш отырғызылса, биыл облыс орталығындағы жаңа көшеттердің саны 20 мың данаға жетеді. Алдағы бес жылда өңір аумағында шамамен 95 миллион ағаш отырғызылады деп жоспарланған. Оның ішінде 32 миллион ағаш отырғызу жергілікті атқарушы органдардың есебінен жүргізілмек, - дейді Асайын Байханов. 

Сала мамандары ағаш отырғызу шаралары жүйесіз жүргізілмеуі керек деген пікірде. Себебі, өндірістік өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту керек. 

Көгалдандырудың маңызды бөлігі - қаланың қоршаған ортасының жағдайына орай нақты жасақталған бағдарлама. Бұл тұрғыда өсімдіктердің түрлерін таңдау керек. Ағаштар мен көшеттерді күтіп-баптаудың заманауи әдістерін де пайдалану керек. Бұл мәселелер бойынша қиындықтар бар. Қолданыстағы көгалдандыру және абаттандыру ережелері үш жыл бұрын қысқартылған. Яғни, бүгінгі күннің талаптарына сай келмейді, - дейді биолог Татьяна Пономарева.

Өзгелердің жаңалығы