Ертіс өңірінің 90 мыңға жуық тұрғыны тұмауға қарсы вакциналаудан өтті, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологияық бақылау департаменті өкілдерінің мәліметінше, аймақта ЖРВИ мен тұмауға қатысты эпидемилологиялық маусым қазан айында басталды. Сол сәттен бері жедел респираторлы вирустық инфекцияларды жұқтыру деректері тіркеле бастаған.
Бірінші қазаннан бастам 5685 адам ЖРВИ жұқтырған. Бүгінгі таңда мыңға жуық науқас стационарларда ем қабылдап жатыр. Өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіш айтарлықтай жоғары болған. Сонымен қатар, тұмаудың жеті жағдайы расталды. Аурудың В штамы тіркелді. Ал өткен жылы А штамының бір жағдайы зертханалық деңгейде расталған болатын, - дейді облыстық департаменттің бөлім басшысы Гүлмира Күлмағамбетова.
Дәрігерлер жұқпалы аурулар өршіген кезеңде иммунитетті нығайтып, екпе алуға кеңес береді. Бүгінгі күні тұмауға қарсы вакцинаның 90 мың дозасы сатылып алынған.
Осы күнге дейін 87 мыңға жуық адам екпе алды. Иммунизациялау тобына жататын азаматтардың қатарында медициналық қызметкерлер, емдеу мекемелерінің қарауындағы балалар, жиі ауыратын жеткіншектер, жүкті әйелдер, созылмалы ауруларға шалдыққан және егде жастағы азаматтар жатады. Бүгінде облыс бойынша 153 екпе салу бригадасы бар. Олардың құрамында 136 дәрігер мен 176 орташа медициналық маман бар, - облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары дейді Гүлнар Буратаева.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта эпидемиологиялық ахуал тұрақты.