Павлодар облысында 8 мектеп үш ауысымда білім беруде

27 Ақпан 2022, 02:45
1878
Бөлісу:
Павлодар облысында 8 мектеп үш ауысымда білім беруде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Павлодар өңірінде бес жаңа мектеп қолданысқа берілмек. Сол арқылы орын тапшылығын екі есеге дейін қысқарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жергілікті білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының сөзінше, мәселені шешу үшін мектептер жанынан қосымша ғимараттар салу қарастырылуда.

Павлодар қаласындағы 8 мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді. Олардың санын азайту мақсатында №9 орта мектепке 348 орындық, Б.Момышұлы атындағы орта мектеп жанына 528 орындық және №34 инновациялық мектепке 264 орындық қосымша ғимарат салынады. Сондай-ақ «Достық» шағын ауданында екі мың орындық ірі білім беру кешені мен аймақта барлығы бес мектеп тұрғызылады, - деді Дінислам Болатханұлы.

Былтыр Павлодар облысында мектеп құрылысына барлығы 1,9 млрд теңге бөлінген. Биыл бұл мақсатқа 2,06 млрд теңге жұмсалмақ. Жалпы, осы жылы өңірдің білім беру саласына барлығы 143 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде жаңа мектептер салумен қатар, 56 білім беру мекемесін «Заманауи мектеп» бағдарламасы аясында жөндеу, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсарту және тағы басқа шаралар бар.

Өзгелердің жаңалығы