Павлодар облысында 46 мектепті жөндеп жатыр

25 Тамыз 2022, 12:38
928
Бөлісу:
Павлодар облысында 46 мектепті жөндеп жатыр
Фото: автордан

Жаңа оқу жылының басталуына бір апта қалғанмен, Ертіс өңіріндегі мектептерде жөндеу жұмыстары әлі де қызу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 46 білім беру ошағы күрделі жөндеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Салалық мекеме мамандарының мәліметінше, жаңғыртудан өткен 11 нысан бірінші қыркүйекте оқушы қабылдауға дайын. Жөндеу жұмыстары кешеуілдеген оқу орындарының қатарында облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп бар.

1600 балаға шақталған ғимараттағы күрделі жөндеулер сәуір айында басталған. Жүздеген оқушы төртінші тоқсанды өзге білім беру орнында өткізген. Мердігер ұйым мамандарының айтуынша, жөндеу кезінде бірқатар олқылық пайда болған. Салдарынан жөндеу шаралары бір айға кешікті. 

Павлодар облысында 46 мектепті жөндеп жатыр

Спорт залы, мәжіліс залы мен асхананың үстіндегі шатырды жөндеу кезінде оның апатты жағдайда тұрғаны анықталды. Сондықтан, жобаға өзгертулер енгізуге тура келді. Шатырдың 900 шаршы метрінің реконструкциясын жүргіздік. Ғимарат 1981 жылы салынған. Содан бері жөндеу көрмеген. Осы уақыт аралығында жұмсақ шатырда рубероидтің бірнеше қабаты жиналып қалған. Тонналап қоқыс та шығардық. Шатырды қайта жөндеуге тура келді. Қайта есептеу де жүргіздік. Жалпы, ғимараттың қабырғалары ғана қалды. Қалған бөлшектерін толық ауыстырдық, - дейді мердігер ұйымның учаске бастығы Кенжебек Абжаков. 

Қазіргі уақытта нысанда 70 амаман жұмыс істеп жатыр. Құрылысшылар тобы жаңа оқу жылының басталуына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтауға ниетті. Қазіргі уақытта 135 мұғалім оқушыларымен қауышатын сәтті асыға күтіп жүр. 

«Заманауи мектеп» бағдарламасы бойынша 2000-нан астам бала оқитын мектепте де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұндағы жағдай әлдеқайда жақсы. №9 мектеп-гимназиясының директоры Светлана Завальнаяның айтуынша, ірі мектептің шатырындағы жұмыстар 95%-ға аяқталған.

Павлодар облысында 46 мектепті жөндеп жатыр

Мектебімізде бес бірдей жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, жұмсақ шатырды жөндеу, мектеп аумағын абаттандыру, мектептің қасбетін ретке келтіру, яғни, 270-тен астам терезе ауыстырылды. Қазіргі уақытта төменгі қабаттағы жұмыстар аяқталуға жақын. Бүгінде күрделі жөндеу аясындағы ішкі жұмыстар аяқталуға жақын. Жиһаздарды орналастыру және сыныптарды жуу жұмыстары істеліп жатыр. Сондай-ақ, жөндеу барысында жылу және электр энергиясымен қамту желілері ауыстырылды. Бұл жұмыстар жоспардан тыс атқарылды. Бірінші қыркүйекте 89 сыныптың 2300 оқушысы мектеп табалдырығын аттайды, - дейді Светлана Завальная. 

Білім беру басқармасы өкілдерінің мәліметінше, облыста «Мектептерді жаңғырту» жобасы бойынша 33, «Заманауи мектеп» жобасы бойынша төрт және  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша тоғыз нысан жаңа кейіпке енеді. Бір аптадан соң аймақтағы 360 мектеп 114 мыңнан астам ұл-қызды қабылдамақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі мың оқушыға артық.

Өзгелердің жаңалығы