Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде су тасқыны қаупі бар аймақтарда 30-ға жуық ауыл орналасқан. Бұл ауылдарда үш мыңнан астам азамат тұрады.
Сонымен қатар қызыл су үш автомобиль және бір теміржолдың қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің айтуынша, аймақта көктемгі су тасқынына қарсы кешенді шаралар қолға алынды.
Қар тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Осы күнге дейін 432 мың шаршы метр қар тазаланды. Қазіргі уақытта арнайы техника дайын. Жергілікті атқарушы билік 41 мың 536 дана құм толтырылған қапшық дайындап қойды. Сондай-ақ инертті материалдардың 40 мыңға жуық тоннасы әзір. Жанар-жағармай да бар. Негізгі дайындық жұмыстары ақпанның соңында пысықталады, - дейді Ернұр Өтегенов.
Су тасқыны кезеңі екі кезеңнен тұрады. Біріншісі - қар суының еруі. Екіншісі - табиғат қорғау мақсатындағы Шүлбі қоймасынан жіберілетін су.
Дайындық барысында 28 ауылға басымдық беріледі. Қар еруі салдарынан су елді мекендерді басуы мүмкін. Нақтырақ айтқанда, қауіп Баянауыл ауданының Сәтбаев ауылдық округі, «Қалқаман-Үміткер-Ульяновск» жолында бар. Былтырғы жылы осы жол учаскесінің 101-шақырымын су шайып кеткен. Қазір сол жерде көпір салынып жатыр. Ақтоғай ауданында Сілеті өзенінің бойындағы Шолақсор ауылы бар, - дейді Ернұр Өтегенов.Бүгінгі таңда құтқарушылар су өткізу құбырларын тазалап, ықтимал қауіп-қатерді зерттеп жатыр.
Мамандардың мәліметінше, қар қалыңдығы 20 сантиметрден асады.