Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысында биыл қар қалың түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары ақпан айы туысымен көктемгі су тасқынына дайындықты бастап кетті. Өңірде су басу қаупі жоғары 30-ға тарта аймақ анықталып отыр. Бүгінде су тоқтататын бөгеттер бекітіліп, инертті материалдар дайындалу үстінде.
Тоғыз мыңдай халқы бар Кенжекөл ауылы қауіпті аймақтар қатарында. Су тасқынына тосқауыл болатын шаралар жыл сайын қыстың ортасында басталады. Тегін емес. Бұл ауылға қауіп Ертіс өзенінен келеді. Сондықтан ауылды жағалай топырақ үйіледі.
Енді мына топырақтан жасалған инертті материал дейді ғой. Су 2 шақырым, 100 метр. Мына үйлерде қауіпті жағдай болмауы үшін бұл Әбдіков көшесі былай қарай өтеді. Сол үшін істелінген нәрсе ғой. Біз былтыр күзде 150 тонна инертті материал топырақ дайындап қойдық. Сол өзі жатыр, сондай бір жағдай туындаса, біз оны техникамен барып жабамыз, - дейді Кенжекөл ауылдық округінің әкімі Серік Шуақбаев.
Ауылда қар шығару жұмыстары қарқын алған. Соңғы күндері жауын-шашынның мол қоры түсті. Қардың қалыңдығы кей жерлерде 14 миллиметрден асты. Облыс орталығынан бір тәулікте 3 мың тоннадай ақ ұлпа шығарылған. Қар үйетін полигонда оның көлемі 300 мың тоннадан асады.
Өткен тәулікте қаладағы қар тазалау жұмыстарына 170-тен астам арнайы техника жұмылдырылды. Бұл 35 қар тиегіш, 71 әртүрлі модификациядағы самосвалдар, 47 сыпыру-жинау машинасы және 3 грейдер техникасы, - деп мәлімдеді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі маманы Жансерік Қапзолла.
Қаланы қардан тазартуға 150 адам атсалысса, облыстық мониторингтік топ су басу қаупі бар аймақтарды анықтап жатыр. Алдын алу жұмыстарын қолға алмаса, көктемгі тасқыннан 28 елді мекен зардап шегуі мүмкін. Бұл мыңнан аса тұрғын үй мен 3,5 мыңдай халық.
Елді мекендерді судан қорғау үшін 9 бөгет жасалған. Су өткізу құрылғыларына бақылау тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Бүгінгі күні олардың бәрі тазартылған және жабық тұр. Сонымен қатар жағдайды бақылауда ұстау үшін ауылдардағы қар өлшемін түсіру ісі «Қазгидромет» орталығымен бірлесіп атқарылады, - дейді облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы басшысының м.а. Асқар Бүркітбаев.
Облыс аумағында 28 гидротехникалық құрылым бар. Автокөлік жолдарының 4 бөлігі ерекше бақылауға алынған. Қазір өңірде ауа райы жылымық тартып тұр. Келесі аптада күн қайтадан суытады. Синоптиктер биыл көктемнің ерте шығатынын болжап отыр. Төтенше жағдайлар қызметі күннің күрт жылынуы қардың жаппай еруіне әкеп соғатынын айтады.