Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар-Қызылорда автожолының 136-шақырымында 23 жолаушысы бар рейстік автобустың жүргізушісі жылқыны қағып кетті.
Полицияның мәліметінше, жол апаты 31 мамырда сағат 23.05-те Байет ауылының маңында болған. Автобус Өскеменнен Қарағандыға қарай кетіп бара жатқан.
Апат салдарынан екінші жүргізуші жарақаттанып, ауруханаға жеткізілді, - деп түсіндірді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.Тәртіп сақшылары автобус салонында 23 жолаушы, оның ішінде екі бала болғанын айтты. Жолаушылардың ешқайсысы зардап шекпеген.
Жылқы жолда қараусыз жүрген. Полиция жылқы иесін тапқан. Ол Байет ауылының тұрғыны болып шықты.
Жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтіруге әкеп соққан ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзу фактісі бойынша жылқы иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Оған 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Автобус иесіне залалды өтеу үшін сотқа жүгінуге кеңес берді.