Ертіс өңірінде 19 мешіттің құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының облыстағы өкіл имамы Жолдас қажы Бердімұратұлының айтуынша, қоғамдық келісімді сақтауда дін қызметкерлерінің жұмысы маңызды. Себебі дін жамағатты жақсылыққа шақырады.
Бүгінгі таңда облыстағы мешіттер саны жүзден асып жығылды. Сонымен қатар, Павлодарское ауылында Әбу-Бәкір медресе-колледжі бар. Бұл жерде 60-қа жуық шәкірт білім алып жатыр. Бұның барлығы - егемендігіміз бен дінаралық келісімнің арқасында қол жеткізген игілігіміз, - дейді Жолдас Бердімұратұлы.
Діни қауымдаcтық өкілдері мен конфессия көшбасшылары қоғамдық маңызды шараларға белсенді араласып келеді. Мәселен, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үн қосып, қайырымдылық шараларға белсенді қатысуда. Діни қызметкерлер Рухани келісім күні ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырған.
Діни ұйымдардың көбі қайырымдылық шараларын өткізуді дәстүрге айналдырған. Дегенмен, игі істері туралы жариялауды қаламайды. Мәселен, православтық шіркеу қызметкерлері аз қамтамасыз етілген 51 отбасыға азық-түлік жиынтықтарын табыстады. Осы тектес шаралар өте көп және өзгелерге үлгі екенін атап өткен жөн, - дейді Павлодар облысының дін істері басқармасының басшысы Балтабай Қаппасов.
Бүгінгі таңда Павлодар облысында 109 мұсылман мешіті, 25 православтық және 21 протестанттық бағыттағы діни шіркеу бар. Өңірде 13 конфессияны қамтитын 157 діни қауым тіркелген. Сонымен қатар, 16 діни миссионер ресми түрде қызмет етуде.