Павлодар облысында 180 аула абаттандырылады

30 Наурыз 2022, 10:02
1284
Бөлісу:
Павлодар облысында 180 аула абаттандырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл өңірде аулалар абаттандырылып, жасылдандыру жөніндегі өңірлік жоспар бойынша  ағаш көшеттері отырғызылады. 

Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Салханов облыстың қалалары мен аудандарындағы аулаларды абаттандыру жоспарлары туралы айтып берді.

2022 жылы облыстың қалаларында 180 ауланы абаттандыру жоспарланған. Олардың ішінде, Павлодар қаласында – 153 аула, Екібастұзда – 11 және Ақсу қаласында – 16 аула бар, - деді Ержан Салханов. 

Спикердің айтуынша, келесі жылы облыс бойынша жүз пайыздық көрсеткішке қол жеткізу үшін 279 ауланың аумағын абаттандыру қажет. Оның ішінде, облыс орталығында – 53, Екібастұз және Ақсу қалаларында – тиісінше 182 және 44 аула абаттандырылуы керек. Осы мақсатта қала әкімдіктері 2023 жылы іске асыру үшін жобаларды әзірлеу бойынша жұмысты қазірден бастаулары қажет.

Әбілқайыр Сқақов көктемнің келуімен абаттандыру мәселесі бірінші орынға шығатынын атап өтті. Өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне көгалдандыру және абаттандыру жобаларын сапалы дайындауды тапсырды.

Облыс орталығындағы 53 ауланы абаттандыра отырып, көрсеткіштің жүз пайыздық орындалуына қол жеткіземіз деген ақпарат дұрыс емес. Барлық жауапты органдарға абаттандыруды қажет ететін аулалардың санын тексеріп, нақты қажеттілікті анықтауды тапсырамын, - деді Әбілқайыр Сқақов. 

Абаттандыру жобаларын талқылау барысында Әбілқайыр Сқақов бюджеті  халықтың қатысумен жоспарланатын жобаларды іске асыру қажеттігін атап өтті.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе бойынша жеке тапсырма берген еді. Мен бірнеше рет барлық әкімдерге абаттандыру бойынша жобаларды әзірлеуге жұртшылықты белсенді тартуды тапсырған едім, - деді Әбілқайыр Сқақов. 

Асайын Байханов өткен жылы  қала тұрғындарының ұсыныстары ескерілген  төрт жобаны бекіту мерзімінің кешігуіне байланысты оларды 2022 жылға ауыстыруға тура келгенін айтты.

Бүгінгі таңда бұл жобалар бойынша конкурстық рәсімдер өтуде. Биыл біз оларды толығымен аяқтап, келесі жылы осы бағыт бойынша жұмысты күшейтетін боламыз, - деп хабарлады Павлодар қаласының әкімі.  

Әбілқайыр Сқақов бір жыл ішінде тұрғындардың қатысуымен абаттандырудың төрт жобасын жүзеге асыру облыс орталығы үшін өте төмен көрсеткіш екенін атап өтті.

Тұрғындар жобаны әзірлеуге оларды құру кезеңінде тікелей қатысулары тиіс. Біз формализмді жойып, абаттандыру саласында идеяларды жинау үшін жұртшылықтың қатысу тетігін әзірлеуіміз керек, - деді облыс әкімі.

Биылғы жылы облыста балалар және спорт алаңдарын орнату, саябақтар мен тынымбақтарды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жоспарлануда. Жалпы алғанда, биыл облыс аудандарында 12 балалар және 11 спорт алаңын орнату, 4 саябақты абаттандыру көзделіп отыр.

Усолка шағын ауданындағы жағалау мұнда велосипед жолы төселіп, балалар алаңы мен шағын сәулет нысандары орнатылғанан кейін адам танымастай өзгереді. Екібастұзда сегіз спорт алаңы, ал, Ақсу қаласында 3 шағын футбол алаңы орнатылмақ. Сонымен бірге, Ержан Салханов көгалдандырудың өңірлік жоспары бойынша 2022 жылы облыста 59 219 ағаш отырғызу жоспарланып отырғанын айтты.

Он алтыншы сәуірде облыста аумақты абаттандыру және тазалау бойынша жыл сайынғы айлық басталады. Әбілқайыр Сқақов қала және аудан әкімдеріне айлық барысында аумақты абаттандыру және тазалау бойынша іс-қимыл жоспарын әзірлеуді, ал энергетика және ТҮКШ басқармасына елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарының барысын бақылауда ұстауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы