Павлодар облысында жыл басынан бері есірткі қылмысына қатысты 144 дерек тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыстық полиция департаменті нашақорлық іс-қимыл жөніндегі басқарманың бастығы Тимур Қаржаубаевтың хабаралуынша, есірткі бизнесімен айналысқан 28 адам ұсталып, заңсыз айналымнан түрлі сипаттағы 121 келі наша тәркіленді. Олардың қатарында марихуана, гашиш және синтетикалық есірткі болды.
Былтыр синтетикалық сипаттағы психоактивті заттарды таратуға маманданған екі ұйымдасқан қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылды. Жедел шаралар барысында алдын ала келісім бойынша жұмыс істеген бес адам құрықталды. Олар әлеуметтік желідегі арна арқылы есірткі заттарын сатумен айналысқан дүкен ашып, нәпақа тапқан. Бұл дерек ғаламторда жүргізілген тұрақты мониторинг барысында анықталды. Нәтижесінде кибертоптың көмегімен заңға қайшы мазмұндағы 75 ақпараттың таралуына шектеу қойылды. Сонымен қатар, танымал хабарландырулар сайтында жарияланған 100-ден астам мәлімет жойылды. Осындай сайттардың аудиториясында мыңдаған, тіпті, миллиондаған қолданушы барын атап өткен жөн. Әсіресе, осындай ақпараттық өнімдерді жасөспірімдер жиі тұтынады. Олар насихаттық сипаттағы хабарландырудан қорғалмаған, - дейді Тимір Қаржаубаев.
Айта кетейік, есірткі бизнесімен күрес жұмыстарына қоғам белсенділері де жұмылдырылған. «New vision team» ұйымының үйлестірушісі Жанар Жандәулетованың айтуынша, күрес шаралары барысында ақпараттық құралдар қолданылады.
Мақсатымыз – есірткі заттарының зияны бойынша халықты ақпараттындырып, рейдтік шараларды ұйымдастыру. Алдағы уақытта жастар арасында әлеуметтік сынақтар өткізілмек, - дейді белсенді.