Павлодар облысында жұмыссыз халықты қолдау үш бағыт бойынша жүргізілуде, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Қолдау шараларының ішінде азаматтарды жұмыспен өамту, еңбек ресурстарын жетілдіру және жастарды кәсіби бағдарлау бар.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың мәліметінше, жыл басынан бері 14 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Олардың тоғыз мыңға жуығы – тұрақты.
Екі жарым мыңнан астам жас жұмыспен қамту шараларына қатысты. Олардың 100-ден астамы «Бірінші жұмыс орны» жобасы аясында екі қолға бір күрек тапты. Ересек азаматтарға да қолдау көрсетілуде. «Күміс жас» жобасы бойынша 60 азамат жұмысқа бағытталды. Сонымен қатар, 250 тұрғын еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді курстардан өтті, - дейді басқарма басшысы Альмира Дисюпова.
Аймақта азаматтарға қызмет көрсету мекемелерінің жұмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыс орталықтарын жаңарту қарастырылған. Мәселен, Ақсу қаласындағы жұмыспен қамту орталығының қызметі ірі HR-агенттіктеріне ұқсайтын болады. Яғни, мобильді орталық ретінде жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда қалалар мен аудандарда 18 мобильді кеңсе ашылды. Жыл басынан бері 264 елді мекендегі орталықтар мыңдаған халыққа қызмет көрсетті.