Павлодар облысында көше кезіп жүрген азаматтарды тауып, бейімдеу орталығына орналастыру шарасы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Тәртіп сақшылары жедел-алдын алу шарасын жаз мезгілінде күшейтеді. Өйткені, күн жылынған кезде тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтар қоғамдық жерлерде жүріп, көше кезіп кетеді. Бұл өз кезегінде қоғамдық қауіпсіздікке кері әсерін тигізуі мүмкін.
Павлодар қалалық полиция бөлімінің аға учаскелік полицейі Рымбек Мелесовтың айтуынша, мамандар Усолка өзенінің бойында рейдтік шара ұйымдастырған.
Біз тұрғылықты мекенжайы туралы ақпарат бере алмаған ерлі-зайыптыны анықтадық. Олар қиын жағдайға тап болған әлеуметтендіру орталығына жеткізілді. Өкінішке қарай, оңалту орталығына жеткізілген азаматтар көшеге жиі қашып кетеді. Оларды жауапкершілікке тарту да мүмкін емес.
Себебі қолдарында ешқандай құжаттары жоқ. Бұл санаттағы тұлғаларға айыппұл салудың еш пайдасы жоқ. Жалпы, тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар түрлі қылмыстардың құрбаны болып жатады. Өздері де қылмысқа баруы мүмкін. Сол себепті біз өз тарапымыздан бақылау шараларын жүргізіп отыруымыз керек», - дейді учаскелік инспектор Рымбек Мелесов.
Тәртіп сақшылары кезбелер туралы ақпарат беріп отыратын азаматтарға алғыс білдіріп, кез келген мәліметтің қажет екенін ескертеді. Айта кетейік, өңір полицейлері жыл басынан бері тұрақты мекенжайы жоқ 124 адамды анықтап, әлеуметтендіру орталығына жектізген.
Тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарға арналған орталық 100-жуық орынға шақталған. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға сауықтыру және психологиялық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, құжаттарды реттеп, жұмыспен қамтуға мүмкіндіктер қарастырылған.