Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мектеп алаңдары шағын орталықтарды жабу есебінен босатылады және қосымша сыныптар ашу әрбір мектептің білім беру жағдайын ескере отырып жүргізіледі, деп хабарлады pavlodarnews.kz.
Бұл туралы агенттіктің жолдаған ресми сауалына берген жауабында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Қарамбаев мәлім етті.
"Алдын ала мәліметтер бойынша, 1-сынып оқушылары үшін қосымша 100-ден аса сынып жиынтығы ашылады. Павлодар қаласында №12 (2 топ, 53 бала), №31 (1 топ, 20 бала), №42 (2 топ, 58 бала) мектептерінде үш шағын орталық жабылды. №36 ЖОМ шағын орталығында топтар саны қысқартылды (4 топтың ішінде 2 топ, 50 бала қалды). Екібастұз қаласында №9 (2 топ, 48 бала), №23 ЖОМ (2 топ, 32 бала) жанынан екі шағын орталық жабылды. Осы бағыттағы жұмыс кезең-кезеңмен жалғасады", - деп хатқа жауап берді Жомарт Қарамбаев.
2019-2020 оқу жылы 1-сыныпқа 14 мыңнан астам балғынды қабылдау күтілуде. Оның 8 мыңнан астамы - 6 жастағы балалар. 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау тамыз айының соңына дейін жалғасады. 7000 баланы қазақ тілінде оқыту жоспарлануда. Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша Павлодар қаласында 1-сыныпқа қабылданған балалардың ең көп саны №9, 22, 24, 25, 29, 34, 39, 42 мектептерде тіркелген.
1-сынып оқушылары оқулықтармен 100% қамтамасыз етіледі.
Еске сала кетейік, былтыр жаңа оқу жылында 12 мыңнан астам бала мектеп табылдырығын аттады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 3 мың оқушыға артық.
Айта кетерлігі, ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баланы 6 жастан бастап мектепке бермегені үшін ата-анасына айыппұл салынбайтынын және ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мектепке тіпті 8 жастан бастап та бара алатынын мәлім еткен.