Ертіс өңірінің денсаулық сақтау жүйесіне 166 маман жетіспейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының хабарлауынша, емдеу мекемелеріне жалпы тәжірибедегі 33, тар ауқымдағы 131 және қоғамдық дансаулық сақтау мамандығы бойынша екі дәрігер қажет.
Салалық мекеме басшысы Әнуар Бұйрашевтың айтуынша, биыл 139 дәрігер жұмысқа орналаспақ. Қазіргі уақытта олардың 56-сы қызметтеріне кірісіп кетті.
Өңірге келген дәрігерлер үшін кешенді мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының қатысушылары 100 АЕК көлемінде көтермеақы мен тұрғын үй сатып алуға несие ұсынылады. Жеңілдетілген несие 15 жылдық мерзімге беріледі. Ауылдық жерде жұмыс істейтін медицина мамандарының жалақысына 20%-дық қосымша төлем бар. Мамандар қатты отынмен қамтылады. Шағын қалаларда жұмыс істейтін жас мамандарға ведомстволық баспана ұсынылады, - дейді Әнуар Бұйрашев.
Еңбек нарығында медицина мамандарының тапшылығын жою мақсатында білім беру гранттарын бөлу оң жолға қойылған. Соңғы 6 жыл ішінде облыс әкімінің гранты бойынша 300-ден астам жас оқып жатыр. Биыл жергілікті бюджет есебінен резидентура бағдарламасы бойынша оқуға 50 грант үлестірілмек.
Айта кетейік, облыс орталығында дәрігерлер мен студенттерді тұрғын үймен қамту мәселесін шешу мақсатында жатақхана қолданысқа берілген. Нысан 65 бөлмеге шақталған. Бөлмелердің жартысы жас дәрігерлерге арналған. Ал пәтер жалдап тұратын мамандардың шығындарының бір бөлігін жауапты мекеме өтейді. Жатақхана ғимаратын қалыпқа келтіруге 720 млн теңге бөлінген. Спорт залы, кітапхана, коворкинг, медициналық және компьютерлік кабинеттері бар.