Көші-қон саясатын жүзеге асыру аясында Павлодар облысына 14 мыңнан астам адам келген. Олардың 2700-ден астамы - қандастар, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, қоныс аударушылардың көбі - еліміздің оңтүстік өңірлерінің тұрғындары.
«Басым бөлігі Түркістан және Алматы облыстарынан келді. Оларды қоныстандыру шаралары біркелді жүзеге асырылады. Облысымыздың алты елді мекеніне көшіріледі. Бұл аудандарда еңбек қолы тапшы. Десе де, аймаққа бейімделе алмаған азаматтар бар. өңірлік вотаға ие болғандардың ішінде 4,8%-ы, яғни, 700-ге жуық адам қайтадан көшіп кетті. Негізгі себептеріне өмір сүру жағдайы қолайлырақ жерлерге кету, климаттық жағдайлар, Алматы және Астана қалаларына қоныс аудару және отбасылық жағдайлар жатады», - дейді Альмира Дисюпова.
Өткен жылы қоныс аударушылар мен қандастар квотасына адам енгізілді. 3098 адам енгізіліп, жоспар 97%-ды құрады. Олардың жартысына жуығы еңбекке қабілетті жастағы азаматтар болып шықты.
«Жұмысқа қабілетті адамдардың 76%-ы екі қолға бір күрек тапты. 1105 азамат тұрақты жұмысқа тұрды. 88 адам кәсіпкерлікке бет бұрса, тағы бір топ адам оқуға жіберілді. Биыл 3700-ден астам квота бөлінеді. Жыл сайын квота ұлғайып келеді», - дейді басқарма басшысы.
Айта кетейік, өңірде Павлодар облысына қоныс аударуды ынталандыру мақсатында жол картасы әзірленді. Бұл жол картасы еліміздің көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру үшін қолға алынды. Қоныс аударушылар мен қандастар үшін елді мекендер тізімі дайын.