Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Былтырғы жылы Павлодар облысында жалпы сомасы 12,7 млрд теңге болатын 67 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Жобалар "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды.
Сала мамандарының хабарлауынша, биылғы жылы мемлекеттік қолдау жалғасын тауып, шарттарда оң өзгерістер орын алды.
Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бөлім басшысы Дархан Ермағамбетовтің айтуынша, былтырғы жылдың соңында "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бекітілді. Сәйкесінше, өзгерістер енгізілді.
Мәселен, айналым қаражатына арналған несие көлемі 60 млн теңгеден 360 млн теңгеге ұлғайды. Ал жаңадан бизнес ашқан жас кәсіпкерлер және жаңадан бизнес ашқан кәсіпкерлерге арналған несие көлемін 20 млн теңгеден 60 млн теңгеге көбейеді. Мемлекет тарапынан берілетін грант көлемі 5 млн теңгеге артты. Гранттар бойынша жобаларды жүзеге асыруға 18 айлық мерзім беріледі, - дейді Дархан Ермағамбетов.
Айта кетейік, жаңашылдықтарға сәйкес биыл бағдарлама бойынша 3,6 млрд теңге бөлу қарастырылған. Бұл соманың басым бөлігі субсидиялауға, ал қалғаны инфрақұрылымды тартуға жұмсалады деп күтілуде. Ал гранттарға 83 млн теңге бөлінеді.
Былтырғы жылы облыс орталығында "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы шеңберінде мемлекетті кқолдауға ие болған кәсіпкерлер саны 2,5 есеге артқан. 238 жобаға қолдау көрсетілді.