Масадан толық құтыла алмаймыз – Әбілқайыр Сқақов

17 Маусым 2021, 14:38
2200
Бөлісу:
Масадан толық құтыла алмаймыз – Әбілқайыр Сқақов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Орталық коммуникациялар қызметінде халық алдында есеп беру кездесуі кезінде масамен күреске қатысты сауалға жауап берді.

Жаз Павлодар облысы үшін масамен күреспен басталады. Бұл дәстүрге айналған, жылдағы мәселе. Мұны облыс әкімінің өзі де растады. Алайда соңғы кездері Павлодар облысы масамен күресті тиісті деңгейде атқара алмай отырғанын айтып, БАҚ бірнеше репортаж жасаған. 

Осы орайда облыс әкіміне «Павлодар облысы неге масамен күресе алмай отыр?» деген сауал жолданды. Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, мәселе мердігерде де емес, облыс алқаптарына жайылатын су көлемінің көптігінде.

Маса облыс үшін өзекті мәселенің бірі. Табиғи ресурстар басқармасы дезинфекциялық мердігерді анықтау үшін байқауды уақытылы жариялады. Үш жылға 1,5 млрд теңгенің қаражаты бөлінді. Алайда облыстың табиғи жағдайы, суға жақын орналасуы себебінен масаны толықтай жоя алмаймыз. Ол үшін ғылыми зерттеу, қосымша мердігер күші, авиацияны қостық, Баржадан суға арнайы препараттар да шашылып жатыр. Қалада да қосымша дезинфекция шаралары атқарылды. Осындай жұмыстарды ұйымдасыру арқылы тек масаның санын ғана азайта алдық. Қазір сары маса мен шыбын азайды, алайда ұсақ шіркейлер пайда болды, - деді ол.

Оның айтуынша, ендігі күрес сонымен жүргізіліп жатыр.

Бұл мәселенің барлығы облыстағы үлкен көлемдегі сумен байланысты. Шығыстан жыл сайын 5,5-7 млрд текше метр су келеді. Олар алқаптарға жайылады. Ол шыбын-шіркей үшін қолайлы орта. Әрине адами факторлар да бар, өйткені адам аяғы жетпейтін жерлер бар. Алайда біз мердігерге бостан-бос ақша төлеген жоқпыз, жұмыс нәтижесіне қарап қана қаражат бөлеміз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы