ОКҚ-да өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігінің вице-министрі Еділ Оспан Павлодарда мектепке пышақпен кіріп, екі адамды жарақаттаған оқушыға қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің төрағалығымен шұғыл кеңес өткізілді. Кеңесте Павлодар облысының осы жағдайға қатысты жауаптары тыңдалды, - деді ол.
Еділ Оспан мектептерде қауіпсіздік жүйелерін күшейту бойынша жұмыстар әкімдіктермен талқыланып жатқанын айтты.
Павлодар облысында арнайы комиссияның отырысы өткізіліп, тиісті шаралар пысықталып жатыр. Министрліктің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасының орынбасары оқиға орнына барып, жағдайды бағалау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Тексерулердің қорытындысы бойынша мектептің қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмегені немесе кімнің тарапынан бұзушылық болды – осының бәріне жауапты адамдар тиісті жазасын алады, - деп түсіндірді вице-министр.
Бұған дейін Павлодарда мектепке пышақпен кіріп, екі адамды жарақаттаған оқушыға қатысты оқиға кәмелеттік жасқа толмағандар және балалар құқықтарын қорғау ісі жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қаралғанын мәлімдедік.