Павлодар билігі облыстық бюджетті 2,1 млрд теңгеге үнемдеуге ұсыныс білдірді

12 Наурыз 2020, 20:01
1679
Бөлісу:
Павлодар билігі облыстық бюджетті 2,1 млрд теңгеге үнемдеуге ұсыныс білдірді
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің билігі ел Үкіметінің тапсырмасымен биылғы жылға қарастырылған барлық бюджеттік қаражатқа сараптама жасады. Нәтижесінде қаржыны бірінші кезеңде 2,1 млрд теңгеге үнемдеуге ұсыныс жасалды.

Сала мамандарының хабарлауынша, алғашқы кезеңде келер жылға қалдыруға болатын жобалар шегіріліп, олардың шығындары үнемделеді. Сонымен қатар, спорттық, мәдени және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған тиімсіз жобалар кейінгіге қалдырылады. 

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, кейінгіге қалдырылатын жобалар баршылық. Олардың жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар, тиімді емес шығыстар сарапталды. Нәтижесінде 900 млн теңгеге жуық қаржы қысқартылады. 

Жол құрылысы бойынша бірқатар жоба кейінгіге шегерілді. Ертіс өзенінің Ертіс ауданындағы саласын тазарту, Баянауыл ауданының майқайың, Ленин және Шідерті ауылдарындағы төрт қоқыс полигонын салу, бірнеше ауылдағы су қорын анықтау мақсатындағы барлау жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу, Ертіс, Железин аудандарында тұрғын үй құрылысы, сонымен қатар облыстық маңыздағы екі жолдың құрылысы сияқты жұмыстар кейін атқарылады. Босатылған қаражаттың барлығы есептік кездесулерде көтерілген маңызды мәселелерді шешуге бағытталады. Дегенмен, әлеуметтік міндеттемелерді орындауда өзгерістер болмайды. Жұмыс жоспар бойынша жүзеге асырылады, - дейді Мақсат Тұрлыбаев. 

Айта кетейік, бүгінде облыстық бюджеттің көлемі 282 млрд теңгені құрайды. Қаражатты оңтайландыру ұсынысы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында бекітілмек.

Өзгелердің жаңалығы