Павлодар әуежайы жабылуы мүмкін

10 Ақпан 2024, 09:27
205
Бөлісу:
Павлодар әуежайы жабылуы мүмкін

Сәуір айында әуежайдың ұшу-қону жолағы мен ғимаратын жөндеу жұмыстары басталады. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

Облыс орталығындағы әуежайдың жолаушыларды өткізу мүмкіндігін кеңейту үшін әуежай ғимаратын және ұшақ қонатын жолағын толықтай жаңарту көзделіп отыр. Жөндеу жұмыстары биылғы сәуір айында басталып кетпек.

Бұл жобаға республикалық қазынадан 6,6 млрд теңге бөлінеді. Жобада ұшу-қону жолағын, ішкі жолдар мен перронды реконструкциялау, жарықсигналды жабдықтарды ауыстыру, периметрді жарықтандыру мен бейнебақылау жүйелерін орнату, қоршау қарастырылған. Осыған байланысты биылғы жылдың сәуір айынан қараша айына дейін барлық әуе бағыттары уақытша тоқтатылады, - деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Жергілікті әуежай жаңарған соң сағатына 400 жолаушыға дейін өткізуге мүмкіндігі болады. Қазіргі уақытта жергілікті әуежайдан Астана мен Алматы қалаларына тұрақты әуе рейстері бар. Жөндеу жұмыстары басталған уақытта «Павлодар әуежайы» АҚ топырақты жолаққа уақытша сертификат алатын болса, қалалар арасында шағын көлемді АН-24 ұшақтары ұшуы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы