Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бес жылдық жоспар ұсынылды. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.
Ол туралы облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстарының басқармасы басшысы Қадылжан Сәтиев облыстық қоғамдық кеңес отырысында баяндады.
Бес жылға арналған жоспар қоршаған ортаны қорғауға қатысты сегіз бағыттағы жұмыстарды қамтиды. Айталық, «Жасыл белдеуді дамыту» бағыты аясында бес жылда мемлекеттік орман қорының ағаш өскен ауданын 1,5 мың гектарға арттыру көзделген.
Сонымен бірге, қоғамдық ұйымдар ұсынысы бойынша облыстың үш қаласын көгалдандырудың концепциясын әзірлеу жоспарланған. Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, Павлодар бойынша жұмыстар басталып кеткен.
«Аталған жоба аясында қолданыстағы жасыл желекті электрондық реестрге тіркеу арқылы түгендеу көзделуде.Бұл ағаштардың мәліметтер базасы болмақ. Оған қоса, ағаштарды күтіп-баптау, суару мен олардың жерсінуінің әдістемелігі әзірленуде», - дейді Қадылжан Сәтиев.
Осылайша, Павлодар қаласын көгалдандырудың толыққанды бағдарламасы пайда болады. 2020 жылдан дәл осындай жұмыстар Екібастұз бен Ақсу қалаларында жүзеге асырылады.