Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Францияда бір жыл бұрын болған тұтқындау оқиғасын «заңды әрі логикалық тұрғыдан абсурд» деп атады. Ол бұл туралы өзінің Telegram арнасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы біртүрлі қамауға алынғаннан кейін бір жыл өтсе де, мен әлі әр 14 күн сайын Францияға оралуға міндеттімін. Апелляциялық шағым күні белгіленбеген. Өкінішке қарай, бұл қамаудың жалғыз нәтижесі – Францияның еркін ел ретіндегі имиджіне үлкен нұқсан келуі, – деп жазды ол.
Дуровтың айтуынша, француз полициясы оны 2024 жылғы тамызда төрт күнге ұстаған. Бұған себеп – «кейбір белгісіз адамдар Telegram-ды қылмыстық мақсатта пайдаланған» деген күдік болған. Ол бұл әрекетті «құқық қорғау органдарының қателігі» деп сипаттады, себебі полиция Telegram-ға заңды тәртіппен ресми сұраныс жібермеген.
Кәсіпкер «қылмыстық тергеу әлі де жалғасып жатқанын», бірақ Telegram тарапынан заң бұзушылық анықталмағанын атап өтті. Оның сөзінше, компания модерация әдістерін халықаралық стандарттарға сай жүргізіп келеді және Франциядан түскен барлық ресми сұраныстарға жауап берген.
Еске сала кетейік, Павел Дуров 2024 жылғы 24 тамызда Париждегі Ле Бурже әуежайында ұсталып, кейін 5 миллион еуро кепілмен босатылған болатын. Ол оннан астам құқық бұзушылыққа, соның ішінде ұйымдасқан топтың заңсыз транзакцияларына қатысы бар деген күдікке ілінген. Егер айып дәлелденсе, кәсіпкер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.