Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Пәтерін жалға беретіндерге ескерту: Салық төлемесеңіз не болады?

Жансая ҚАМБАР
Бүгiн, 15:31
257
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ коллажы
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, 1 қаңтардан ақпанның 9-ын қоса алғанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режиміне тіркелген қазақстандықтар саны – 151 295 адам. Ал қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны ерікті түрде тапсыру мерзімінің аяқталуына 18 күн қалды. Осы орайда, BAQ.KZ тілшісі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде кімдер тіркеле алатынын, олар қандай төлемдер жасауы керегін және салық төлемеудің қандай салдары барын қаржы сарапшысынан сұрады.

“Бұл жүйе өте ыңғайлы”: Кімдер тіркеле алады?

Экономист, қаржы сарапшысы Айбар Олжай биылдан бастап жұмыс істейтін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін енгізілген арнайы салық режимінің өте ыңғайлы екенін айтты.

Бұл жүйе өте ыңғайлы және Қазақстанның көп азаматтары осы жүйеге өтеді деп ойлаймын. ИП ашудың қажеті жоқ. Банк қосымшалары осы режимге қажеттің барлығын жасап жатыр. Ол арқылы ақшаның барлығын қабылдай бересіз, ештеңеден қорықпайсыз, чек ұра саласыз. Сіз сол чек ұрған күннен бастап арнайы режимде жұмыс істейді деп есептелесіз. Таксистерге, пәтерін тапсыратындарға, репетиторлықпен айналысатындарға, фотографтарға, аяқкиім жөндейтіндерге бұл өте жақсы болды, - деді сарапшы.

Салық кодексіне сәйкес, арнаулы салық режимін 40 қызмет түрі ғана қолдана алады. Сондай-ақ оны қолдану үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мынадай талаптарға жауап беру керек:

  • жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелмеген;
  • жалдамалы қызметкерлерді пайдаланбайтын;
  • айлық табысы 300 АЕК-тен аспайтын.

Айлық табысыңыз 300 АЕК-тен, ол биыл 1 млн 300 мың теңге, содан асып кетпеу керек. Меніңше, табыстары төмендеп қалса, “упрощенканың” көбісі осы режимге өтуі мүмкін. Бұрын патентпен жұмыс істеп жүргендердің барлығы осы режимге толық өтеді. Сондықтан бұл – өте жақсы, - деді экономист.

Арнайы салық режимінің басты артықшылығы қандай?

Сарапшылар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимінің басты артықшылығы ретінде жеке табыс салығы мөлшерлемесі 0% екенін атайды, яғни ЖТС төленбейді. Оның үстіне жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес.

Жалпы түскен табыстан 4 пайызын ғана мемлекетке емес, өзіңізге төлейсіз. Яғни ақша өзіңіздің МӘМС-іңіз, зейнетақыңыз және әлеуметтік салығыңыза кетеді. Ол 4 пайыз өзіңізді әлеуметтік қамтуыңызға жұмсалады, - деді Айбар Олжай.

Тапқан табысыңыздың 4% әлеуметтік төлемдерге кетеді, нақты айтқанда:

  • 1% – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ);
  • 1% – міндетті зейнетақы жарналары жұмыс беруші есебінен (МЗЖЖ);
  • 1% – әлеуметтік аударымдар;
  • 1% – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС).

Салық төлемеудің қандай салдары бар?

Салық төлемеудің салдарын түсіндіру үшін жеке меншік үйін жалға беретіндерді мысалға алдық. Жеке меншік немесе жалға алынған тұрғын үйді жалға беру (қосалқы жалға беру) және басқару қызметі өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесінде бар. 

Қаржы сарапшысынан жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, бұрыннан үйін жалға беріп жүргендер ары қарай да тіркеусіз жалға беруін жалғастырған жағдайда не болатынын сұрадық.

Осы жылдың басынан мониторинг бар. Біріншіден, сіздің атыңызда үй тіркелгенін біледі. Екіншіден, белгілі бір уақытта белгілі бір сомма түсіп тұрса, ол сомманың жалға пәтер берілгеннен екенін біледі. Бірден жазаламайды, алдымен ескерту жіберіледі. “Сізде осындай пәтерден ақша түсіп тұрғанның белгілері бар, сондықтан арнайы режимге өтіңіз” деп. Меніңше, пәтері барларға арнайы режимге өткен дұрыс. Салығын төлеп істесе, өздеріне жақсы болады, - деді Айбар Олжай.

Экономист салық төлеуді заң алдындағы міндет қана емес, парыз деп атады.

Салық төлеу – біздің заңдық міндетіміз, парызымыз. Біз сондай заңдарға келістік қой. Мемлекеттен “әлеуметтік жәрдем бер, зейнетақы төле, студенттерге шәкіртақы төле” деп сұраймыз ғой. Оны мемлекет қайдан алады? Жұмыс істеп жатқан адамдардан салық жинап, содан алады. Біздің төлемеген салығымыз әкеміздің алып жатқан зейнетақысы, бауырымыздың алмаған шәкіртақысы. Әрине, салық төлемей кетсе болады. Бірақ онда мемлекеттен “ананы бер, мынаны бер” деп сұраудың қажеті жоқ, - деді сарапшы.

Жаңа Конституция жобасының алғашқы бабында Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде бекітілгені белгілі. Экономист Айбар Олжай салық төлеудің маңызы арқылы әлеуметтік мемлекет деген атаудың артында қандай жауапкершілік барын да түсіндіріп өткендей.

Салықты 1-ақ пайыз төлейтін елдер бар. Оңтүстік-Шығыс Азияда мысалы. Оларда әлеуметтік көмек, тіпті зейнетақы жоқ. Олар мемлекеттен ештеңе сұрамайды, ал мемлекет олардан салық сұрамайды. Сондай қоғамдық келісім бар немесе Еуропа елдері бар, оларда салықты өте жоғары. Сондықтан мемлекет барлық жағынан көмектеседі. Біз Еуропадағыдай әлеуметтік көмекті сұраймыз да, Оңтүстік-Шығыс Азиядағыдай салық төлегіміз келмейді. Бірақ олай болмайды. Бір жағына шығу керек. Біз әлеуметтік қамту жағына шықтық, бюджетіміз сондай. Сондықтан салық төлеу керек, - деді сарапшы.

Өзгелердің жаңалығы