Астанада жалдап тұрған пәтерінен тұрмыстық техниканы қолды қылған ер азамат анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық ДП баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сарыарқа аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрлық жасап, бұрын сотталған 38 жастағы ер адамды анықтады.
Аталған бұзақының бір айға пәтер жалдағаны анықталды. Пәтерде аз ғана уақыт тұрып, пәтердегі Hair маркалы теледидар мен VEKO кір жуғыш машинасын досына сатып жіберген.
Үй иесі тұрмыстық техниканың жоғалғанын жалға беру мерзімі біткенде біліп, құқық қорғау органдарына хабарласқан. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, аталған азаматтың осыған ұқсас бұрын жасалған қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Астана қаласының полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Жеке мүлікті ұрлау қылмыстың ең көп тараған түрі болып табылады. Пәтер ұрыларының құрбаны болмау үшін пәтерлеріңізді қараусыз қалдырмаңыз, бейтаныс адамдарға сенбеңіз, - делінген хабарламада.