Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарды жиі мазалайтын топ-3 сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Пәтер сату кезінде салық міндеттемесі туындай ма?
Салық мамандарының мәліметінше, егер жылжымайтын мүлік 2025 жылы сатып алынып, мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бір жыл немесе одан да ұзақ уақыт өткен соң сатылса, құн өсімінен түсетін табысқа салық салынбайды. Алайда 2026 жылғы 1 қаңтардан кейін тіркелетін мүлікке жаңа талаптар қолданылады. Осы мерзімнен бастап меншік құқығын тіркеу кезінде иелену кезеңі екі жыл болып есептеледі.
Оңайлатылған декларацияны қолдануға бола ма?
Үкіметтің 2025 жылғы 14 қарашадағы №970 қаулысында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің нақты тізбесі бекітілген. Егер кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызмет түрі аталған тізімге кірмесе және барлық талаптар сақталса, онда оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
2026 жылы ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі қандай?
Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу есебіне қою үшін айналым шегі айлық есептік көрсеткіштің 10 мың еселенген мөлшерін құрайды. 2026 жылы бұл сома 43 млн 250 мың теңге болады.