Партияның артында жасырынып жүреді. ЖСДП тізім бойынша сайланатын депутаттар туралы

16 Наурыз 2023, 21:26
887
Бөлісу:
Партияның артында жасырынып жүреді. ЖСДП тізім бойынша сайланатын депутаттар туралы
Фото: Скрин

7 саяси партияның өкілдері арасында өтіп жатқан пікірсайыста Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев қарсыласының сұрағына жауап берді, деа хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Теледебатта AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының мүшесі Нұрлан Әуесбаевқа сұрақ қойды.

Кез келген партияның өңірлерде өзінің жақтастары болуы қажет. Мысалы, барлық өңірде үміткерлерімізді өзіміздің мәслихаттарға ұсынып жатырмыз. Өңірлік 20 бағдарламамыз бар. Оларды мәслихаттардың депутаттары арқылы іске асырамыз. Енді сіздер Мәжіліске ғана өздеріңіздің депутаттарыңызды ұсынып отырсыздар. Ал мәслихаттарға 10 шақты ғана үміткерлеріңіз бар. Өмірдің бәрі өңірде ғой. Сонда аймақтық даму мәселесін кім арқылы жүзеге асырасыздар? - деп сұрады Ерлан Қошанов қарсыласынан.

Өз кезегінде Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев AMANAT партиясының сұрағына жауап берді.

Жалпыұлттық социал демократиялық партиясында биыл Мәжіліске 19 үміткер тізім бойынша және 6 депутат бірмандаттық округ бойынша түседі. Оған қоса, барлық облыста мәслихаттарға 21 депутат түседі. Облыстарда, аудандарда мәслихат депутаттары оны саясаттандырмай, бірмандаттық округ бойынша түскенін қалаймыз және осы ұстанымда қаламыз. Өйткені тізім бойынша сайланған партияның депутаттары халықтың алдында жауап бермейді, олар партияның артында жасырынып жүреді, - деді партия өкілі.

Сөзінше, бірмандаттық округпен сайланғандардв халық тікелей таңдағандықтан, олар өз халқының алдында жауап береді.

Біздің ойымыз облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарда партиялық тізімнің қажеті жоқ. Ол жерде барлығы бірмандаттық округтер болуы керек, - деп айтты Нұрлан Әуесбаев.

Ол бұл мәселе партияның бағдарламасында 2012 жылдан бері айтылып келе жатқанын жеткізді.

«Хабар» арнасында Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын саяси партиялардың теледебаты өтіп жатқанын еске сала кетейік.

Теледебат үш кезеңнен тұрады. Әр кезең екі турдан тұрады. І кезеңде партиялар өздерін таныстырып, пікір алмасады. ІІ кезеңнің бірінші турында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы тақырыбында сөйлеп, екінші турда сайлаушылардың сұрақтарына жауап береді.

Ал ІІІ кезеңде теледебат қатысушылары сайлаушыларға үндеу жасайды.

Өзгелердің жаңалығы