Парсы шығанағы елдері Иранға қарсы әскери операцияға байланысты АҚШ-қа деген сенімін жоғалта бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
Дереккөздердің айтуынша, аймақ елдері жеке деңгейде Вашингтонның қауіпсіздік кепілдіктеріне күмән келтіріп, операцияның стратегиялық жоспарлануына қатысты алаңдаушылық білдіруде. Сондай-ақ АҚШ президенті Donald Trump қабылдаған шешімнің негізділігі мен мақсаттары да сұрақ туғызған.
Бұдан бөлек, Парсы шығанағы мемлекеттері өз аумағында америкалық әскери базалардың орналасуына күмәнмен қарай бастады. Себебі бұл нысандар оларды ықтимал шабуыл нысанасына айналдыруы мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, аймақ елдері АҚШ Иранға қарсы операцияны келісімсіз аяқтап, аймақтан шығып кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Мұндай жағдайда олар Ормуз бұғазының бір бөлігін бақылауда ұстап отырған «ашулы Иранмен» бетпе-бет қалуы ықтимал.
Еске салайық, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған болатын. Соның аясында Тегеранды қоса алғанда, елдің ірі қалаларына соққы жасалды. Иран да жауап ретінде бірқатар нысандарға шабуыл ұйымдастырған.