Павлодар облысының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында 2025 жылға дейінгі кешенді шаралар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қоршаған ортаны қорғау жоспары шеңберінде экологиялық нормативтерге қол жеткізу шаралары қолға алынды. Көрсеткіштер ауаны ластағыш заттардың жалпы көлемі, жерлердің құлдырауы, атмосфералық ауаның сапасы, коммуналдық қалдықтарды басқару сияқты компоненттер бойынша есептеледі.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дияр Қайыркеновтің айтуынша, реттеуіш құжат экологиялық кеңес мүшелерімен бекітілген.
Биыл парниктік газ шығындыларын азайту бойынша аймақтық бағдарлама әзірленіп жатыр. Жоба аймақта ауа сапасын жақсарту және климаттық өзгерістермен күрес шараларының маңызды бөлігіне айналады. Сонымен қатар, даму стратегиясын дамыту мақсатында аймақ билігімен бірге 2023-2027 жылдарға арналған қаржыландыруды қажет ететін жобалар легі қалыптасты. Олардың ішіндеге ең ірі жоба – Павлодар қаласына арналған қоқысты қайта өңдеу кешені. Бүгінде бұдан бөлек облыс орталығында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдетін кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, пластик қалдықтарынан қапшық, ал құрылыс қалдықтарынан бетон блоктары мен қиыршықтас өндірісі оң жолға қойылған. Табиғатты қорғау шаралары аясында қалдықтарды сұрыптауға арналған контейнерлер орнатылып жатыр. Нақтырақ айтқанда, Павлодарда 900-ге жуық контейнер пластик және 200 контейнер құрамында сынап бар шамдарды жинау үшін қойылды, - дейді Қайыркенов.
Айта кетейік, Ертіс өзенінің арналарын тазарту жобасы жалғасын тауып жатыр. Ұзындығы 7,8 шақырым болатын өзен жолы тазартылады.