Заң ғылымдарының докторы, профессор, адвокат Бахтияр Бөлеулиев елордада өткен «Елдің жоғарғы заң шығарушы органына – жаңа серпін және жаңа тыныс» атты дөңгелек үстелде жаңа парламенттік реформа туралы өз пікірін ортаға салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған парламенттік реформа, яғни бірпалаталы Парламент құру бастамасын толық қолдаймын. Заңгер ретінде айтарым: бұл ұсыныстың өзіндік құқықтық негізі бар. Біріншіден, Конституцияның 2-бабында Қазақстан унитарлы мемлекет, президенттік басқару формасы бар деп анық жазылған. Демек, біз федерация емеспіз. Мен көп жыл шетелде, мысалы Германияда жұмыс істедім. Ол жақта аймаққа бөлінеді, АҚШ-та да солай. Әрбір өңірдің жеке заң шығару органы болады. Сондықтан Германияда да, АҚШ-та да аймақтар көбіне орталықпен бәсекелес деңгейде әрекет етеді, - деп атап өтті заңгер.
Сондай-ақ ол Сенат депутаттарын сайлау ережесіне де тоқталды.
Екіншіден, Конституцияның 3-бабында «Қазақстанда биліктің бірден-бір бастауы – халық» делінген. Енді мынаған қараңыз: Сенат депутаттары жалпыға бірдей тікелей дауыс беру арқылы сайланбайды. Оларды мәслихат депутаттары таңдайды. Яғни біз, қарапайым сайлаушылар, Сенат депутаттарын сайлауға тікелей мандат берген жоқпыз. Бұл жерде белгілі бір құқықтық қайшылық бар деп ойлаймын. Тағы бір маңызды мәселе – сайлау жүйесі. Меніңше, болашақ сайлау округтер бойынша емес, партиялық тізім арқылы өтуі керек. Мұның бірнеше артықшылығы бар, - деді адвокат.
Айтуынша, партиялық тізіммен өткізу бірқатар өзгерістерге әкеледі.
Біріншіден, жергілікті элиталардың ықпалы барынша азаяды. Бұл – өте маңызды. Екіншіден, азаматтардың саяси мәдениеті жоғарылайды. Үшіншіден, жеке аймақтың мүддесінен гөрі тұтас мемлекеттің мүддесі бірінші орынға шығады. Осы тұрғыдан қарағанда, біз мемлекеттік мүддені де, аумақтық тұтастықты да сақтаудың тиімді жолын таба аламыз деп ойлаймын. Сондықтан Президенттің Қазақстанда бірпалаталы Парламент құру туралы бастамасы уақытылы әрі қажет реформа деп санаймын, - деді ол.
Заңгер жұмыс тобына нақты ұсыныстарын жеткізді.
Жұмыс тобына қандай нақты ұсыныс бере аламын деген сауалға келсем, мен бұл топтың мүшесі емеспін, бірақ өз пікірімді ашық айтамын: Қазақстанға бірпалаталы Парламент керек; сайлау тек партиялық тізім арқылы өтуі тиіс; аумақтық округтер негізінде сайлау өткізу жергілікті элиталардың ықпалын күшейтеді, бұл жағдайды ескермеуге болмайды. Ал партиялық тізім бойынша сайлау – ең дұрыс әрі әділ жол деп есептеймін, - деді Бахтияр Бөлеулиев.
Еске салайық, Астанада сарапшылар Қазақстан парламентаризмінің жаңа кезеңін талқылады. Сондай-ақ белгілі заңгер судьялардың ерекше иммунитетін алып тастауды ұсынды.