Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Парламенттік реформа аясындағы конституциялық өзгерістер ауқымды болады – депутаттар

Бүгiн, 12:56
120
Бөлісу:
 Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында конституциялық реформаға қатысты негізгі тәсілдер талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырыс барысында Парламент Мәжілісіндегі Amanat партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Ақ жол партиясының көшбасшысы Азат Перуашев, сондай-ақ Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының басшысы Асхат Рахымжанов парламенттік реформа аясында жүзеге асырылатын конституциялық өзгерістердің ауқымды екенін мәлімдеді.

Парламенттік реформа аясындағы конституциялық өзгерістер ауқымды болады – депутаттар

Депутаттардың айтуынша, өңірлерде Парламент мүшелерінің қатысуымен өткен жұмыс кездесулері барысында азаматтар алдағы саяси реформаларға ерекше қызығушылық танытып отыр. Бұл қоғамның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға белсенді түрде тартылып жатқанын көрсетеді.

Жиын барысында Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, Парламент Мәжілісінің депутаттары Үнзила Шапақ, Марат Бәшімов, Никита Шаталов, сондай-ақ саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов те өз пікірлерін білдірді.

Қатысушылар конституциялық реформаның мақсаты – билік тармақтары арасындағы теңгерімді күшейту, Парламенттің рөлін арттыру және азаматтардың саяси процестерге қатысу мүмкіндігін кеңейту екенін атап өтті.

Ал Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылардан, қоғамдық бірлестіктерден e-Otinish және eGov платформалары арқылы келіп түскен ұсыныстар туралы ақпарат берді.

Парламенттік реформа аясындағы конституциялық өзгерістер ауқымды болады – депутаттар

Бірнеше ай ішінде саяси партиялардың барлығы, ондаған үкіметтік емес ұйым, бизнес-қоғамдастық өкілдері, құқықтанушы ғалымдар мен сарапшылар конституциялық реформаға қатысты өз бастамаларын жолдаған.

Парламенттік реформадан бөлек, Жұмыс тобына азаматтардан мемлекеттік құрылымның жалпы мәселелері мен саяси және қоғамдық институттарды жетілдіруге қатысты 1,6 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті.

Өзгелердің жаңалығы