Парламент Сенатының депутаттығына кім кандидат бола алады?

12 Маусым 2020, 16:01
3486
Бөлісу:
Парламент Сенатының депутаттығына кім кандидат бола алады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сайлау науқанының негізгі кезеңдері мен кандидаттарға қойылатын талаптар туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров брифинг кезінде түсіндіріп берді.

Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен, яғни 13 маусымнан басталады және сайлау өткізілетін күнге бір ай қалғанда жергілікті уақыт бойынша 2020 жылғы 12 шілдеде сағат 18.00-де аяқталады, - деді Константин Петров.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар ұсынуды мәслихаттар, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асыра алады.

Отыз жасқа толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не астананың аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын адам Сенат депутаты бола алады. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарды сайлауға және олардың сайлануға құқығы жоқ. Соттылығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған адам, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысын және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат бола алмайды, - деді ол.

Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша Сенат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы құжаттар келіп түскен кезде облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың немесе Астананың сайлау комиссиясы:

1) үш күн ішінде кандидаттың Конституцияда және осы Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілейді;

2) тексеру аяқталған күннен бастап үш күн мерзімде оған таңдаушылардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтарын береді.

Сенат депутаттығына кандидатты облыстың барлық мәслихатын, Республикалық маңызы бар қаланың немесе республика астанасының мәслихаттарын білдіретін таңдаушылардың жалпы санының кемінде 10 пайызынан, бірақ бір мәслихаттың таңдаушылар дауысының 25 пайызынан аспайтын дауысымен қолдауға тиіс

Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлау күнінен жиырма күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады, - деді ОСК өкілі.

Бұған дейін ОСК төрағасы Берік Имашев Сенат депутаттары сайлауын өткізу жоспары бекітілгенін мәлімдеді.
Өзгелердің жаңалығы