Қазақстан Президенті биліктің барлық дерлік тармақтарын қамтитын ауқымды конституциялық реформалар жариялады. Ең негізгі өзгерістердің бірі – жаңартылған бір палаталы парламент құру. Ол мемлекеттік саясатты айқындайтын дербес орталыққа айналуға тиіс. Осы өзгерістердің мәнін ашып, олардың мемлекеттік билік жүйесіне ықпалын түсіндіру үшін BAQ.KZ тілшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қырғызстан Жогорку Кенешінің бұрынғы спикері Зайнидин Курмановпен сұхбаттасты.
Сарапшының айтуынша, реформаны дәл парламенттен бастаудың стратегиялық маңызы зор. Ол парламент саяси элитаны қалыптастыратын негізгі алаң әрі бүкіл билік жүйесі үшін кадрлық резервтің басты көзі екенін атап өтті.
Қазақстанда парламент елдің басты кадрлық корпусы болуы керек. Болашақ министрлер, премьер-министрлер, тіпті президенттердің өзі де осы жерден шығады. Сондықтан реформаның мақсаты – атауды ауыстыру не сыртқы құрылымды ғана өзгерту емес, кәсіби әрі жауапты заң шығарушыларды тәрбиелеу. Олар ұзақмерзімді стратегияларды әзірлеп, оның орындалуын бақылап, қоғамды алға бастай алуға тиіс, – деді Зайнидин Курманов.
Сарапшының айтуынша, посткеңестік кеңістікте мұндай ұстаным мүлде жаңа көзқарас саналады. Ол уақытты, тәртіпті және жүйелі еңбекті қажет етеді.
Сондай-ақ ол сайлау жүйесіне ерекше тоқталды. Оның пікірінше, пропорционалды модельді сақтау – толыққанды саяси партиялар мен тұрақты билік институттарын қалыптастырудың маңызды шарты.
Пропорционалды жүйе – стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім. Ол қоғам мүддесін жеке тұлғалар емес, нақты саяси партиялар арқылы танытуға мүмкіндік береді. Онсыз парламент атқарушы биліктің шешімдерін тек заңдастырып беретін әшекей орган болып қалу қаупі бар, – дейді сарапшы.
Курмановтың сөзінше, парламент азаматтардың өміріне тікелей әсер ететін мемлекеттік саясатты қалыптастыратын орталыққа айналуы тиіс, жай ғана саяси жүйенің формалды бөлшегі болмауы керек.
Ол сондай-ақ парламенттің тарихи атауын – "Құрылтай" деп қайта атауды да маңызды қадам ретінде бағалады. Оның айтуынша, бұл шешім тек символдық емес, сонымен бірге терең институционалдық мағынаға ие.
“Құрылтай” термині тарихи сабақтастық пен ұлттық болмысты білдіреді. Бұл – халық өкілдігі дәстүрінің тамыры тереңде жатқанын еске салатын атау. Осындай тәсіл қазіргі парламентаризм үлгісін тарихи саяси мәдениетпен ұштастыруға көмектеседі, – деді ол.
Сұхбат соңында сарапшы реформаның табысы ең алдымен оны іске асыру сапасы мен саяси институттардың тәртібіне байланысты екенін айтты.
Мүмкін емес саяси модель болмайды: нашар орындалу болады. Егер Қазақстанда парламент тәуелсіз, сот жүйесі тиімді, ал жергілікті өзін-өзі басқару шынайы болса, ел тұрақты әрі болжамды болашаққа қол жеткізеді. Бұл – кемел азаматтық қоғам қалыптастыруға және шешім қабылдаудың жүйелі тәсілін орнықтыруға жол ашады, – деп түйіндеді Зайнидин Курманов.