Парламент Елбасы туралы заңға өзгерістер енгізді

2 Ақпан 2022, 11:55
2203
Бөлісу:
Парламент Елбасы туралы заңға өзгерістер енгізді

Нұл-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста Нұрсұлтан Назарбаевтың қауіпсіздік кеңесі мен ҚХА-ға өмір бойы төрағалық ету құқығын жою және Елбасымен мемлекеттік бастамаларды келісу қажеттілігі туралы түзетулерді қабылдады.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов бұл конституциялық заң жобасы Қазақстан Республикасы үкіметінің 2021 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысына сәйкес Парламент Мәжілісіне енгізілгенін айтты.

Заң жобасын осы жылы 19 қаңтарда Парламент Мәжілісі мақұлдап қабылданған екі позициямен Сенатқа жіберді. Сенат бұл түзетулерді бірауыздан қабылдады. Алайда заң жобасын Парламент Сенатында қарау барысында тағы бір қосымша түзету енгізілді. Атап атсақ, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымен келісуді көздейтін «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңның 1-бабы 6-бөлігін Парламент Сенаты алып тастауды ұсынды, - деді Арман Қожахметов.

Айтуынша, Конституцияның 40-бабының 1-тармағына және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңның 1-бабының 1-тармағына сәйкес, Республика Президенті мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, сондай-ақ, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік етеді.

Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерісті қабылдады. 

Өзгелердің жаңалығы