Парижден олжалы оралсам деген ниетім бар - Бибарыс Спатай

23 Сәуір 2024, 11:00
1463
Бөлісу:
Парижден олжалы оралсам деген ниетім бар - Бибарыс Спатай
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Париждегі додадан зор үміт күттіретін спортшыларымыз жетерлік. Соның бірі әрі бірегейі - Бибарыс Спатай. Елімізде үздік пара каноэші атанып кеткен Бибарыс спортпен 8 жылдан бері айналысып келеді. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі спортшымен тілдескен еді. 

Су спортының саңлағы паралимпиада ойындарына қатысу құқығын биыл екінші рет алып отыр. Бұған дейін ескек есу бойынша Жапонияның Токио қаласында өткен паралимпиада ойындарында бақ сынау мүмкіндігіне ие болып, денсаулығына байланысты есе жіберіп еді. Енді сол олқылықтың орнын толтырсам дейді.

Өздеріңіз білесіздер елімізде карантин болып, спорт саласы біраз ақсаңдап қалып еді. 16-шы паралимпиада ойындарына лицензия жеңіп алдым, бірақ өкінішке қарай өзім қалаған есепті көрсете алмадым. Менің мақсатым тек қатысу болмады, мен алтынға үмітті едім. Оған себеп, өзіме көп жауапкершілік артып алуымда болды деп ойлаймын. Паралимпиада ойындары алдында қатарынан екі рет бәйгеге түсіп, ең маңызды дода жақындағанда 6 ай көлемінде төсек тартып жатып қалдым. Соның әсерінен оқу-жаттығу жиындарынан да қалып қойдым. Соған қарамастан рекордық уақытты қойып жақсы нәтижені көрсеттім. Сол сәттен бастап менде паралимпиада ойындарына деген түсінік қалыптасты. Осы жолы өз-өзіме сенімдімін, - деді Бибарыс Спатайұлы.

Парижден олжалы оралсам деген ниетім бар - Бибарыс Спатай

Жақсылықтан күдер үзбеген ел мақтанышы алдағы Әлем Кубогінен де дәмелі. Әңгіме барысында өзінің оқу-жаттығу жұмыстары жайында айтып берді.

Алдымен өзім сүйген спорттың қызығы мен шыжығын айтып өтсем. Су спорты болғандықтан біз ауа-райын қалт жібермей бақылаймыз. Себебі біздер жылдың төрт мезгілінде де жаттыға береміз. Кейде қар жауып, кейде жаңбыр жауып, тіпті тұманды күндерде де бірге дайындаламыз. Осындай арпалыстардан кейін біз шыңдала түсеміз. Паралимпиадаға дейін Әлем Кубогына таласатын боламын. Қазір фокусым осында. Ал паралимпиадаға дайындық мүлдем басқаша болады. Оның жауапкершілігі екі есе жүктелген. Өткен паралимпиада біраз спортшымызға үлкен сабақ болғаны анық. Кешегі мен бүгінгіні сабақтастырудан аулақпыз. Себебі өткен іске өкпе жоқ, келешектен үміт көп, - дейді спортшы.

Парижден олжалы оралсам деген ниетім бар - Бибарыс Спатай

Осы тұста Бибарыстан Токиодағы және Париждегі паралимпиадаға дайындықтарында айырмашылықтар мен өзгерістер туралы сұраған едік.

Әрине, айырмашылық бар. Мен ол кезде жас болдым, әрі маған лицензия оңай бұйырған болатын. Әлем Кубогінде 9-шы орынды алған болсам, қазір үздіктердің арасында бесіншімін. Осыдан-ақ өскенім байқалар. Одан бөлек бәсекелестіктің жоғарылағаны әсер етті. Себебі бұл уақытқа дейін пара каноэге қызығушылық танытатындар аз болды. Уақыт кеңістегіне салып қарасам Токиоға дайындалғанымызды  бүгінмен салыстыруға келмейді. Сондай-ақ 5 жыл бірге жаттыққан бапкерімді ауыстыруға тура келді. Маған жаңа тактика, жаңа серпіліс, бір сөзбен айтқанда өзгеріс керек болды. Тіпті осы үшін облыс директорыма барып “Не мен тренерді ауыстырам немесе спортты тастаймын” деген шарт қойғаным бар. Оған да батылдық керек болды. Дегенмен сол қайсарлықтың арқасында бапкерімді ауыстырып, әрі спорттағы мансабымды көтеріп алдым. Адам алдымен өзіне не керек екенін білмесе, оның жасағанының бәрі бекер. Соңғы уақытта осындай маңызды шешімді қабылдап, бүгінде үздік нәтижелерді көрсетіп жүрмін. Паралимпиада да ел қоржынына алтын салсам деген ақ ниетім бар, - дейді Бибарыс Спатай.

Парижден олжалы оралсам деген ниетім бар - Бибарыс Спатай
Өзгелердің жаңалығы