Франция астанасында Сен-Огюстен алаңындағы Жанна д’Арк мүсінінің қылышын ұрлаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Францияның тарихи мұрасына қатысты кезекті оқиға жаңа жылдың 2 қаңтарында болды. Жергілікті уақытпен шамамен сағат 10:00-де белгісіз бір ер адам мүсінге өрмелеп шығып, темір қылышты жұлып алған.
Араға көп уақыт салмай, оны полиция ұстады. Басылым дерегінше, күдіктінің психикалық жағдайын анықтау үшін сараптама жүргізіледі.
Күдікті полиция тарапынан қамауға алынды, — деп жазады Le Parisien.
Қалалық мәдени мұра мәселелері жөніндегі мэрдің орынбасары Карен Тайеб бейнебақылау камераларына түскен жазбаларды қарап шыққан.
Онда: "Ер адамның атты мүсінді ашумен шайқап тұрғанын, кейін мүсінге шығып, жалаң қолымен қылышты қатты соққымен сындырғанын көреміз" делінген.
Осыдан кейін қару «бірнеше бөлікке» бөлініп кеткен.